Қазақстанда 1 жасқа дейінгі нәрестелердің өлім-жітімі азайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылғы қаңтар-наурызда республикада 1 жасқа дейінгі 1050 нәресте өлімі тіркеліп, 2013 ж. сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7% азайды. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігіндегі брифингте осы ведомствоның төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі - перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар, яғни бұдан биылғы қаңтар-наурызда 572 нәресте шетінеді. Бұл нәрестелер арасындағы өлім жағдайының жалпы санының 54,5 пайызын құрады. Туа біткен ауытқулардан қайтыс болған нәрестелер саны 195 немесе 18,6 пайыз, тыныс органдары ауруларынан - 90 немесе 8,6 пайыз және жазатайым жағдайдан, улану мен жарақаттан - 45 оқиға немесе 4,3 пайызды құрады», - деді агенттік басшысы.

Айта кетейік, 2014 ж. қаңтар-наурызда АХАТ органдарында 92,8 мың жаңа туылған сәбилер тіркелді, бұл көрсеткіш 2013 жылғы қаңтар-наурызға қарағанда 0,5% көп.