Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жобаға еліміздің барлық өңірінен 1567 өтінім түскен. Іріктеу нәтижесінде 361 қатысушы «Ұлттық киберқалқан» CTF-турниріне қатысып, оның қорытындысы бойынша үздік 100 адам грант жеңіп алды.
«Білікті кадрларды даярлау – бүгінде мемлекетіміздің цифрлық егемендігінің негізі. «Red Team & Blue Team Cyber Academy» бағдарламасы қазіргі заманғы киберқауіптерге тиімді қарсы тұруға және Қазақстанның маңызды цифрлық инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қабілетті сарапшылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған», – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев.
Бағдарлама Astana Hub-пен бірлесіп, Tech Orda жобасы және «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ның Interactive range платформасы негізінде жүзеге асырылып жатыр.
Жоба IT саласында базалық білімі бар 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Қатысушылар алты ай бойы онлайн форматта оқып, киберқауіпсіздік саласындағы практикалық дағдыларды меңгереді.
Оқу бағдарламасы екі негізгі бағыттан тұрады. Red Team бағыты ақпараттық жүйелердің осал тұстарын анықтау мен тестілеуге бағытталса, Blue Team бағыты кибершабуылдарды анықтау, мониторинг жүргізу және қорғаныс жүйелерін жетілдіру дағдыларын дамытуға арналған.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, бағдарламаның ерекшелігі – оның тәжірибелік бағытында. Қатысушылар нақты кибершабуылдар мен қорғаныс сценарийлері негізінде оқытылады.
Айта кетейік, Үкімет киберқауіпсіздік ережелерін жаңартты.