Қазақстанда 100 млн. доллардың фармацевтикалық өнімдері өндіріліп, бұның 20 пайызы экспортталуда - Ә. Исекешов

амырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазіргі таңда Қазақстанда 100 млн. доллардың фармацевтикалық өнімдері өндірілсе, оның 20 пайызы экспортталып отыр.

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде «Елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы туралы» деген тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, индустриялық бағдарлама аясындағы фармацевтика саласы Қазақстан үшін бұрын дамымаған тың сала. Сондықтан да, Елбасы дәл осы бағыттағы өнеркәсіпті дамыту туралы тапсырма жүктеген болатын. Ал осы мақсатта құрылған «Самұрық-Қазына Фармация» АҚ бүгінгі күні ішкі сұранысты үйлестіру шараларын атқарып отыр.

«Сонымен бірге, қазіргі таңда елімізде 100 млн. доллар шамасында фармацевтика саласына жататын өнімдер шығарылады. Көпшілік адамдар біле бермеуі мүмкін, бірақ нақты факті ретінде айта кету керек біз бұның 20 пайызын экспорттаймыз. Бұндай өнімнің басым бөлігі Өзбекстан мен Ресейге жөнелтіледі», деді Ә. Исекешов.

Тоқтала кететін жайт, фармацевтикалық өнімдерді өндіретін отандық өндірушілердің дәрілерін өткізу мемлекеттік сатып алулар бойынша жүзеге асатыны белгілі. «Бұл жерде мемлекеттік сатып алу үлесі шамамен 45-50 пайызға жетуі қажет», деді министр.