«Аман-саулық» қоғамдық қоры прокуратура органдарымен бірлесіп өткізген акцияның қорытындысы осы мәселені анықтады.
Соңғы 5 жылдың ішінде өз балаларына алимент төлемей жүрген әкелердің саны 25 пайызға артты. Олардың төрттен бірі - мемлекеттік органдардың қызметкерлері. Сындарлы орталықтар одағының директоры Зүлфия Байсақованың айтуынша, алимент төлемейтін әкелердің барлығы да жұмыс істейді. «Алиментті тек жұмыс істемейтіндер ғана төлемейді деген көзқарас қате. Акция өткен бір айдың ішінде бізге 153 жалғызбасты ана алиментті төлемеу жөніндегі арызбен хабарласты. Олардың ішінде тек 7 оқиға бойынша отағасы жұмыс істемейтін болып шықты. Басқалары болса, жоғары қызметтерді атқарып, жақсы жалақы алады», - дейді З.Байсакова.
Алматы қалалық прокурорының көмекшісі Гүлнара Жаңабекованың хабарлауынша, акция барысында алимент төлемейтін азаматтарға қатысты істерді дұрыс жүргізбеген 21 сот атқарушысы анықталды. Олар тәртіптік жазаға тартылды.