Қазақстанда 109 амбулаториялық-емханалық нысан салынып жатыр – ҚР ДСМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы еліміздің өңірлерінде 109 амбулаториялық-емханалық нысанның құрылысы басталды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жалпы, бүгінгі таңда халыққа медициналық қызметтерді 7 мыңнан астам амбулаториялық-емханалық ұйым көрсетеді, оның ішінде мемлекеттік 59%, жеке меншік - 41%.

Жалпы практика дәрігерлерінің 12 мыңнан астам учаскесі ашылды.

Қант диабеті, гипертония және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша ауруларды басқару бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бұл бағдарламаға динамикалық бақылаудағы пациенттердің 55%-ы қатысады.

Қазіргі уақытта алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 52,4%-на дейін жеткізілді.

Бұл көрсеткіш 60%-ға дейін жеткізіледі. Осылайша, қымбат стационарлық емдеуден аурулардың алдын алуға көшу жүзеге асырылады.