Қазақстанда 12 қарашада қандай жолдар жабық

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, 12 қарашада кей өңірде көлік жылдамдығына байланысты шектеулер енгізілсе, енді бірнеше облыста бұған дейін жабылған жолдар қайта ашылды.

2025 жылғы 12 қараша сағат 08:00–де мына республикалық маңызы бар автожолдарда көліктің барлық түрі үшін қозғалыс қайта жанданды:

Ақмола облысы:

• «Астана-Қарағанды-Алматы» автожолының 30-92 шақырым аралығындағы учаскесінде (Жібек Жолы ақы алу пунктінен — Қарағанды облысының шекарасына дейін);

Қарағанды облысы:

• «Астана-Қарағанды-Алматы» автожолының 92-164-шақырым аралығындағы учаскесінде (Ақмола облысының шекарасынан — Теміртау ақы алу пунктіне дейін);

Ақмола облысында жылдамдық режиміне қатысты шектеулер бар:

• 2025 жылғы 12 қарашада сағат 08:00–де «KAZ 01 Астана — Қарағанды — Алматы» автожолының 30-92-шақырымында (Жібек жолы ауылы — Анар стансасы аралығы) жылдамдық шектеуі 60 шақ/сағ-тан 80 шақ/сағ-қа дейін өзгертілді (барлық көлік түріне).

• 7 қарашада сағат 18:00–ден бастап «Астана — Көкшетау — Петропавл — Ресей шекарасы» автожолының 19-231-шақырымында (Астана — Щучинск бағыты) барлық көлік түрі үшін жылдамдық шектеуі 110 шақ/сағ-тан 80 шақ/сағ-қа дейін азайтылды.

Шығыс Қазақстан облысында 5 қарашадан бастап тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.

Бұл шара таулы жерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып, қыс аяқталғанға дейін күшінде болады.

Ауа райы

2025 жылғы 12 қарашада Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай және Павлодар облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауады.

— Сол себепті жүргізушілерге жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін 12 қараша күні Астана қаласында және еліміздің 15 өңірінде ауа райының нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланғанын хабарлағанбыз.