Қазақстанда 12 мамырда өтетін маңызды шараларға шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі Қазақстан қалаларында 12 мамырда өтетін маңызды шаралар шолуын ұсынады.

НҰР-СҰЛТАН

Сағат 16.30 «Астана Опера» опера және балет театрында жас пианистердің V «Astana Piano Passion» Халықаралық байқауының ашылуына арналған баспасөз мәслихаты өтеді. Баспасөз мәслихатына атақты пианист, РФ Халық артисі және фестивальдің көркемдік жетекшісі Денис Мацуев қатысады.

Сағат 18.00-де «Астана Балетте» Раймондо Ребектің (Германия) «A Journey оf a Memory» бір актілі балеті қойылады.

Дәл осы уақытта «Жастар» театрында Қ.Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиясы қойылады.

Сондай-ақ, 12 мамырда Бейбітшілік және келісім сарайында Н.Гернеттің «Аладдиннің сиқырлы шамы» ертегісін, А. Цикарелидің «Ханума» музыкалық комедиясын тамашалауға болады.

Сағат 11.00-де ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұсынған Амангелді Таспиховтың республикалық қоғамдық штабының ашылуы өтеді. Штабтың құрамына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның төрағалығымен кәсіподақ ұйымдарының басшылары, абыройлы ұлттық сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен «Келешек» жастар ұйымының мүшелері кіріп отыр. Орталық штаб 17 аймақтағы қоғамдық штабтың жұмысын үйлестіретін болады.