Қазақстанда 140 мыңнан астам тұрақты қан доноры бар

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда соңғы он жылда 140 мыңнан астам тұрақты қан доноры тіркелді. Мамандардың айтуынша, дәл осы азаматтар елдегі қауіпсіз қан қорын толықтыруда маңызды рөл атқарады. Бұл туралы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім болды.

Фото: Мәдениет министрлігі

Орталықтың Қоғаммен байланыс және ынтымақтастық бөлімінің басшысы Алма Демеуованың дерегінше, 2016 жылдан 2026 жылдың маусымына дейін елімізде 684 474 адам алғаш рет донор болған. Ал осы кезеңде 140 350 тұрақты донор тіркелген.

— Тұрақты донорлар — соңғы 12 ай ішінде үш және одан да көп рет қан немесе оның компоненттерін тапсырған азаматтар. Дәл осы санаттағы донорлар қан қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, пациенттердің қажеттіліктерін үздіксіз өтеуге маңызды үлес қосады, — деді ол.

Оның сөзінше, қан орталықтарының басты міндеттерінің бірі — алғашқы донорларды тұрақты донорлар қатарына тарту.

— Сол үшін қан орталықтары азаматтармен тұрақты байланыс орнатып, оларды қайта донор болуға шақырады, ақпараттық акциялар өткізіп, өтеусіз донорлық мәдениетті насихаттайды, — деді бөлім басшысы.

Маманның айтуынша, алғашқы және тұрақты донорлар санының артуы елдегі қауіпсіз қан қорын қалыптастыруға және медициналық ұйымдарды қан компоненттерімен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Үкіметінің қаулысымен қан донорлары үшін алғаш рет ресми түрде «Құрметті донор» марапаты тағайындалғанын хабарлағанбыз.