Қазақстанда 150-ге жуық адам «А» корпусының кадрлық резервiне өттi

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 150-ге жуық адам "А" корпусы кадрлық резервiне өттi. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң басшысы Әлихан Байменов мәлiм еттi.

"Биыл 1029 өтiнiш берiлiп, оның 73 пайызы қазiргi мемлекеттiк қызметте жүрген азаматтар болды және бiр маңыздысы оның iшiнде 44 пайызы жергiлiктi атқару органдарында жұмыс жасап жүргендер, 27 пайызы мемлекеттiк қызметшi болып табылмайтын үмiткерлер. Кандидаттардың 12 пайыздан астамы әйел адамдар болды. Құжаттарды қарау қорытындысы бойынша 800-ге жуық адам бiлiктiлiк талаптарына сай деп танылды. Олардың 746-сы тестiлеуге қатысты. Оның нәтижесiнде 365 азамат, яғни 49 пайызы шектi мәндi игерiп, ары қарай келесi әңгiмелесу кезеңiне жiберiлдi", - деп атап өттi ол.

Ұлттық комиссияның 27 мамырдағы қорытынды iрiктеуi бойынша кадр резервiне 149 кандидат ұсынылды. Оның iшiнде 7 адам жауапты хатшылар, аппарат басшылары, 27 адам ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң сектор меңгерушiлерi, билiк тармақты аппаратының бөлiм меңгерушiлерi, 38 адам комитет төрағалары, аумақтық департамент басшылары, 65 адам қала және аудан әкiмдерi, 12 азамат тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелерi лауазымдарына ұсынылып отыр. Осылайша, былтырғы және биылғы iрiктеу қорытындылары бойынша "А" корпусының 553 лауазымына 553 адамнан тұратын кадр резервi құрылды.

"Тестiлеу биыл былтырғыдан өзгешелеу өттi. Бiрiншiден, Мемлекет басшысының қазан айындағы "А" корпусы мемқызметшiлерiмен кездесуiнде берген тапсырмаларына сәйкес, заңнаманы бiлу тестiлерi өзгертiлдi. Аудандық, қалалық әкiм деңгейiндегi лауазым үкiметкерлерiне бiлуi тиiс заңдардың саны 10-нан 8-ге дейiн қысқартылды. Ал тексеру комиссияларының мүшесi болам деген үмiткерлерге Бюджеттiк кодекс енгiзiлдi. Сондай-ақ бiз биыл алғаш рет тұлғалық, көшбасшылық қасиеттерiн анықтайтын жаңа тестiлеудi тәжiрибе жүзiнде сынақтан өткiздiк. Бұл тестiлеудi жасауға бiз әлемнiң ең беделдi компанияларын тарттық", - дейдi агенттiк төрағасы.