«Жыл басынан бастап республиканың тәулік бойғы стационарларына «Тұмау» диагнозымен 245, ЖРВИ-мен 14,5 мың адам жатқызылды. 31 қаңтардағы ақпаратқа сәйкес, тұмаудан 165, ЖРВИ-дан 10,1 мың пациент емделді. Қазіргі таңда ауруханаларда «Тұмау» диагнозымен 80 адам емделуде. Сырқаттанған адамдардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр, олар ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бақылауына алынды», - делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратқан хабарламада.
Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстанның медициналық ұйымдары қажетті дәрі-дәрмектер, жабдықтар, вирусқа қарсы дәрілердің қоры мен залалсыздандыру құралдары, сондай-ақ, жеке қорғану құралдарының (респираторлар, маскалар) жеткілікті қорымен қамтамасыз етілген. Республиканың 19 жұқпалы аурулар емханасында ауруларға медициналық көмек көрсету мақсатында 6 277 аурухана төсегі қарастырылған.
Сонымен бірге, республиканың барлық аймақтарында ЖРВИ мен тұмауды ерте кезеңде анықтау мақсатында аулалық тексерулер ұйымдастырылды. Жедел медициналық көмектің қосымша бригадалары құрылып, емханаларда қосымша телефон желілері ұйымдастырылды. Медицина мамандары аурудың деңгейіне күнделікті бақылау жүргізіп отыр.