Қазақстанда 17 ұшақ қолданыстан алынып тасталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті ҚР Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп, шағын авиациядағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін көтеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту мәселелері бойынша бірлескен кеңес өтті. Шұғыл түрде 17 ұшақты (14 Ан-2 және 3 Tecnam ) пайдалануға тыйым салынды. Сондай-ақ, шағын авиацияның 2 әуе компаниясының қызметі уақытша тоқтатылды. Атап айтқанда, Азия Континенталь Авиалайнс және «ҚАЗАВИА» Тәуелсіз әуе компаниясы» ЖШС-ның авиациялық жұмыстарды атқару куәлігін пайдалануға шектеу қойылды», делінген хабарламада

Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік кодексінің 570-бабы бойынша авиациялық қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін пайдаланушы лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Бұдан бөлек, ұшу және техникалық жұмыстарды сапасыз ұйымдастырғаны үшін әуе компаниясының 16 лауазымды тұлғасына тәртіптік шара қолданылды.

ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті бұзушылыққа төзбеу қағидасы бойынша ұшу қауіпсіздігін көтеру жұмыстарын жалғастыруда.