2016 жылдың 22 қыркүйегінен 20 қазаны аралығында Қазақстанда биоалуандық сақтау қауымдастығы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтымен және «Охотзоопром» ӨБ-мен бірлесе Бетпақдала, Орал және Үстірт таралымындағы киіктерді аулап, спутниктік құрылғымен таңбаламақ.
Осы орайда жаңадан 19 спутниктік құрылғыны бекіту жоспарланып отыр. Бұл шаралардың мақсаты киіктер мекен етіп жүрген алқаптарды тыңғылықты зерттеуге, сондай-ақ жануарларды қорғау саласындағы тиімділікті арттыруға негізделген.
Мұнымен қоса, мойынбауларды бекітумен қатар, киіктердің ауруларын тереңдетіп зерттеу бағытында қан сынамасы және бактериялық теусерулер жүргізуге қажетті материалдар алынады. Осы жұмыстарды қолдау үшін Лондон университетінің Корольдік ветеринарлық колледжінің өкілі арнайы келмек.
Атап айтқанда, Қазақстанда киіктерді спутниктік таңбалау жұмыстары 2009 жылдан бері жүргізілуде. Осы уақытта барлық үш таралымда 103 құрылғы орнатылды.
Спутниктік мойынбаулар 2,5 жылға орнатылады, осыдан кейін ол жануардан автоматты түрде ағытылады. Ағымдағы жылы Globalstar спутниктік жүйесімен GPS Plus Collar моделінің құрылғылары және Indium жүйесімен Tellus Medium Colarco аппараттары пайдаланылады.