Қазақстанда 19 маусымда күн күркіреп, қатты ыстық болады
АСТАНА. KAZINFORM — Циклон мен онымен байланысты атмосфералық фронттардың әсерінен 19 маусымда Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Елдің батысы, солтүстік-батысы мен солтүстігінде күшті жауын-шашын болады, бұршақ түсуі де мүмкін.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, тек оңтүстік-шығыс өңірлерде жауын-шашынсыз аптап ыстық сақталады. Республика аумағында жел күшейіп, оңтүстік-батыс пен оңтүстікте шаңды дауыл тұруы ықтимал.
Өрт қауіпі жоғары аймақтар
Көптеген аймақтарда өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Атап айтқанда:
Жоғары өрт қаупі: Алматы, Абай, Павлодар, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарында тіркеледі.
Төтенше өрт қаупі: Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Ұлытау, Жетісу, Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарының көп бөлігінде сақталады.
Қай аймақтарда аптап ыстық?
Бірқатар өңірде аптап ыстық орнайды:
Алматы облысы — 35-39°С, солтүстігі мен батысында — 42°С.
Жетісу облысы — 35-38°С, солтүстік пен оңтүстігінде — 40°С.
Абай облысы — 35-37°С, солтүстігі мен оңтүстігінде — 40°С.
Шығыс Қазақстан облысы — 35-37°С.
Жамбыл облысы — 38-40°С.
Павлодар облысы — 35-38°С.
Қарағанды облысының оңтүстігі — 35°С.
Денсаулыққа қауіп бар
Қызылорда облысында соңғы күндері күндіз де, түнде де аптап ыстық сақталып тұр.
Павлодарда күн өтудің көбейгені тіркелді.
Астанадағы Республикалық бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығына 25 адам жүгінген. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ауа райы ағзаға қосымша күш түсіріп, созылмалы аурулардың асқыну қаупін арттырады.
Айта кетейік, «Семей орманы» резерватына өртті ерте анықтау жүйесі енгізіледі.