Қазақстанда 2,3 млн адам электрондық сауда жасайды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2018 жылы Қазақстанның онлайн-сауда нарығының көлемі 269 млрд теңгені құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша онлайн-сауда нарығының көлемі 1,5 есеге өсті және 269 млрд теңгені құрады. Электрондық сауданың үлесі 2,9 пайызға тең. Электрондық саудадағы белсенді сатып алушылардың саны 2 есеге артып, 2,3 млн адамды құрады», - деді министр.

Оның дерегінше, қазақстандық электрондық сауда нарығында 1700-ден астам дербес интернет-дүкен жұмыс істейді. Оның үштен бірі - 509-ы, салық жеңілдіктерін алуды қалаушылар болып саналады. Елімізде 1 млн-нан астам ШОБ субъектілеріне өз тауарларын сатуға мүмкіндік беретін 20-ға жуық электрондық сауда алаңдары қызмет етеді.

«Қазақстандағы электрондық коммерция нарығы құрылымының 68 пайызын тауарлар саудасы құраса, 32 пайызын көрсетілетін қызметтер құрайды. Тауарлардың ішінде - құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, косметика, киім және аяқ киім үлкен сұранысқа ие. Көрсетілетін қызметтердің ішінде - әуе және теміржол билеттерін сату, мәдени іс-шаралар мен коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар