18:51, 14 Сәуір 2009
Қазақстанда 2009-2012 жылдарға арналған адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының жобасы әзірленді
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтіп,
онда 2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Комиссия төрағасы Сағынбек Тұрсыновтың айтуынша, бұл жоспарды олар БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасының қатысуымен әзірлеген. Құжаттың Шығыс Еуропаның, Орталық Азияның және Таяу Шығыстың көптеген елдерінде баламасы жоқ. Ұлттық жоспардың жобасында Қазақстан азаматтарының еліміздің Конституциясында және қолданыстағы заңнамаларында кепілдік берілген азаматтық, саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени құқықтары көрініс тапқан. Онда азаматтық қоғам институттарының, халықаралық құқық қорғау ұйымдардың, БҰҰ-ның және ЕҚЫҰ-ның тарапынан айтылған Қазақстан азаматтарының құқығын қорғауға қатысты ұсыныстар ескерілген.
Сонымен қатар, құжатта адам құқықтары туралы заңнаманы және адам құқығын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдірудің, адам құқықтары мен оларды қорғудың тетіктері туралы халықты хабардар етудің нақты қадамдары қарастырылған. Ұлттық жоспар Орталық Азия мен Қазақстан тарихындағы Қазақстанның адам құқықтары саласындағы ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын тұжырымдаған және оларды қорғаудың тетіктері мен рәсімдерін жетілдіру жөніндегі нақты ұсыныстарды қарастырған ауқымды құжат. Отырысқа қатысушылар Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайына қатысты талдауларын айтып, құжатты жан-жақты талқылады. Оның қорытындысы бойынша Ұлттық жоспарды Мемлекет басшысының қарауына және бекітуіне ұсыну туралы шешім қабылданды.