Қазақстанда 2010 жылғы ақпанда тұрғын үй рыногындағы бағаның көтерілуі байқалды

АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда 2010 жылғы ақпанда тұрғын үй рыногындағы бағаның көтерілуі байқалды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігіне сілтеме жасап.

«2010 жылғы ақпанда өткен аймен салыстырғанда жаңа тұрғын үйді, дайын және қарасылақты тұрғын үйлерді алып-сату бағасы 0,4 пайызға көтерілді, ал дайын тұрғын үйлерді жалға беру 0,2 пайызға төмендеді», делінген Статистика агентігінің таратқан хабарламасында.

Агенттіктің мәліметінше, атап айтқанда республика бойынша жаңа пәтердің құны 1 шаршы метрі үшін 139 мың 181 теңгені құрады. Екінші нарықтағы дайын пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны - 101 мың 304 теңгені, ал қарасылақты тұрғын үйлердің 1 шаршы метрінің құны 59 мың 394 теңгені құрады. Дейтұрғанмен, 2009 жылдың ақпан айымен салыстырғанда бір жылдың ішінде елімізде жаңа тұрғын үйлердің бағасы 3,3 пайызға төмендеген, ал екінші нарықтағы пәтерлер 4,8 пайызға арзандаған.