Қазақстанда 2015-2025 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы жасақталмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2015-2025 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы жасақталмақ. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының кеңейтiлген отырысында Бас прокурор Асхат Дауылбаев мәлiм еттi.

«Осы жұмыстың аясында жемқорлыққа қарсы күрестiң нәтижелерiн ғана емес, сонымен қатар халықтың көзқарасын өзгерту керек. Азаматтық моральдың жаңа стандарттарын қарастыру қажет. Жемқорлықтың ең төменгi деңгейлердегi көрiнiсi жиi орын алатындықтан, жемқорлықтың барлық түрлерiне деген төзбеушiлiктi қалыптастыру шарт. Осы тұста барша қоғамның, саяси және қоғамдық институттар күш салуы тиiс», - дедi А. Дауылбаев.

Оның сөзiне қарағанда, бағдарлама аясында халық пен бизнестiң билiкке деген сенiмi бiршама артады.

«Осыған орай, аппаратқа құрылымдық бөлiмшелермен бiрiге отырып, ҚР Президентiнiң Жолдауында айтылған мiндеттердi орындау және 2015-2025 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын жасақтаудың iс-шаралар жоспарын жасауды тапсырамын», - деп атап өттi Бас прокурор.