Қазақстанда 2017 жылы банктер төлемдерді күнбе-күн орындауға көшетін болады - Ұлттық банк

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 1 маусымынан бастап, еліміздің банктері төлем аударымдарын күнбе-күн атқаруға көшетін болады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев осылай мәлім етті. Отырыста «Төлемдер мен төлем жүйесі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланған болатын.

«Заң жобасы банктердің төлем агенттері желісі арқылы төлем қызметтерінің белгілі бір қызметтерін көрсету мүмкіндігін көздейді. Бұл халық үшін базалық банктік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібі айқындалады. Бұл ретте төлем құралдары, төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәсілдері мен негізгі рәсімдері айқындалып отыр. Осыған байланысты заң жобасында банк процесстерін жақсартатын және төлемдерді жасау тәсілдерін кеңейтетін құқықтық нормалар қамтылған», - деді Д. Ақышев.

Оның айтуына қарағанда, құжатта төлем қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғау нормалары да қамтылып отыр. Атап айтқанда, банктерде төлемдерді орындау мерзімі қысқартылады. Бұл ретте төлемдерді орындау мерзімі ең көбі төрт күннен екі күнге қысқарса, ал 2017 жылдың 1 маусымынан бастап төлемдер күнбе-күн атқарылатын болады.

«Сонымен қатар, тұлғалардың талаптары бойынша банк шоттарынан жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алу барысында тұрғын үй төлемдерін өндіріп алуға шектеу енгізіледі. Банктер тарифтерінің айқындылығы қамтамасыз етіледі. Мәселен, олардың клиентті төлем операциясын жасағанға дейін комиссияның мөлшерімен таныстыру міндеті енгізіліп, сондай-ақ біржақты тараппен шарттың талаптарын, тарифтерді ұлғайтуға тыйым салынады», - деді Бас банкир.