Қазақстанда 2019 жылдан бері 511 жаңа ауыл мектебі салынған

АСТАНА. KAZINFORM – 2019-2026 жылдары елімізде 511 жаңа ауыл мектебі пайдалануға берілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астанада өтіп жатқан Тамыз конференциясында айтты.

Фото: Қармақшы ауданының әкімдігі

Оның айтуынша, қазір Қазақстандағы мектептердің 65 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Онда 1,5 млн-нан астам бала білім алып, 214 мың педагог еңбек етеді. Бұл барлық оқушылардың 39%-ы, ал ұстаздардың 52%-ы.

– «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімнің әлеуметтік жағдайын түбегейлі өзгертті. Бүгінгі таңда ауыл педагогтарын қолдау жүйелі түрде жалғасып жатыр. Оларға 25% үстемақы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақылар, жеңілдетілген тұрғын үй несиесі, сонымен бірге біліктілік санатына қарай 50% дейінгі қосымша төлемдер қарастырылған, – деді Ж.Сүлейменова.

Жыл сайын ауыл мектептерінің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарының 60%-ы ауыл ұстаздары.

– 2019 жылдан 2026 жылға дейін 511 жаңа ауыл мектебі эксплуатацияға берілді. Оның ішінде 84 «Келешек мектептері» бар. Нәтижесінде 32 апатты және 57 үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілді. Биылдың өзінде 49 ауыл мектебі салынып жатыр. 1300 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, олардың
820-сы ауылдық мектептер екенін ерекше атап өте аламыз. Бұл жұмыстар білім сапасының көтерілуіне оң әсер етіп жатыр, – деп түсіндірді сала министрі.

Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды.

Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысып отыр.