Қазақстанда 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға 80 млрд теңге бөлінеді
Бұл еліміздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне көктемгі дала жұмыстарына дер кезінде дайындалуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ауыл шаруашылығы минситрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл алдын ала қаржыландыру көлемін 80 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл өткен жылғы деңгейден 2 есеге жоғары.
«Салыстыру үшін айта кетейік, аталған бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бөлінген аванстық төлем көлемі 2020 жылдың көктемгі кезеңінде 24,4 млрд теңге, ал 2021 жылы шамамен 40 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ сатып алынатын дақылдардың тізімі жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, зығыр, рапс, соя, қарақұмық және жүгері сияқты он тармаққа дейін кеңейтіледі»,-делінген хабарламада.
Қаржыландыруға құжат тапсыру үшін фермерлер «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның аймақтық бөлімшелеріне хабарласуы немесе fcc.kz сайтында онлайн-өтінім беруі қажет.