Қазақстанда 2027 жылдан бастап автожолдардың экологиялық қауіпсіздігіне бірыңғай талап енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда автомобиль жолдарын жобалау, салу және пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бірыңғай ведомстволық норматив қолданысқа енгізіледі. Құжатты 2026 жылдың соңына дейін бекітіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Көлік министрлігі.

Фото: Көлік министрлігі

ҚазжолҒЗИ әзірлеп жатқан норматив автомобиль жолдарының бүкіл өмірлік цикліне – жобалаудан бастап пайдалану кезеңіне дейінгі барлық процестерге ортақ экологиялық талаптарды белгілейді.

– Құжатта топырақтың құнарлы қабатын сақтау, жерүсті және жерасты суларының қорғалуын қамтамасыз ету, шаң мен зиянды шығарындыларды азайту, шу деңгейін төмендету, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару, сондай-ақ құрылыс аяқталғаннан кейін бүлінген аумақтарды қалпына келтіру талаптары көзделген, – делінген институт хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, жаңа норматив жол құрылысының барлық кезеңінде қоршаған ортаға келетін әсерді азайтып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытқа дейін жол саласындағы экологиялық талаптар тек ұсынымдық сипаттағы құжаттармен реттелсе, жаңа норматив оларды міндетті түрде орындалатын талаптарға айналдырады.

– Жоба су ресурстарын қорғауға ерекше назар аударады. Атап айтқанда, құрылыс алаңдарында жерүсті суларын бұру жүйесін ұйымдастыру, ластанған суды тазарту, тазартылмаған ағын сулардың су айдындарына төгілуіне жол бермеу және мұнай өнімдері төгілген жағдайда жедел әрекет ету шаралары қарастырылған, – деп мәлімдеді ҚазжолҒЗИ.

Құжатта жер ресурстарын сақтау мәселелері де қамтылған. Соған сәйкес құрылыс басталар алдында топырақтың құнарлы қабаты міндетті түрде алынып, бөлек сақталады және кейін бүлінген аумақтарды рекультивациялау кезінде пайдаланылады.

Сонымен қатар жолдарды жобалау және салу кезінде жануарлардың мекендеу ортасы, көші-қон жолдары, балықтардың уылдырық шашатын орындары мен құстардың ұя салатын аумақтары ескеріледі. Қажет болған жағдайда қоршаулар орнату және арнайы ескерту белгілерін қою көзделген.

Айта кетейік, Алматыда экологиялық талаптарды бұзған 200 көлік анықталды.