Қазақстанда 2027 жылға дейін квазимемлекеттік компаниялар құруға тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді.
Бұл тыйым Президенттің экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығына сәйкес енгізілген және 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жаңа компаниялар құруға тыйым салуды көздейді.
Бұл ретте мораторий екі жағдайда қолданылмайды:
«Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды қамтамасыз ету қажет болғанда;
Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей тапсырмалары кезінде.
Мораторий алғаш рет ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 10 мамырдағы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында айтылды.
Компанияларды құруға тыйым салу «Жеке кәсіпкерліктің әлеуетін толыққанды іске асыру үшін экономикалық кеңістікті босатуға», сондай-ақ «бәсекелестік салалардағы мемлекеттік кәсіпорындар санының қайта өсуіне кедергі келтіретін нормативтік жағдайлар тудыруы керек».
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі тиісті заң жобасын жариялаған болатын.