– Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту үшін жаңа электр стансаларын салу жоспарланған. Бұл жұмыс экономиканың өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған. 2029 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 13,3 гигаватт болатын жаңа нысандар іске қосылады. Оның 7,4 гигаваты дәстүрлі энергия стансаларына тиесілі. Ал жаңартылатын энергия көздерінің қуаты 5,9 гигаватт болады, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, бұл жобалар электр энергиясына деген сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде электр қуатының көлемі қажеттіліктен 20 пайыз артық болады деп жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 254 электр энергиясын өндіру нысаны жұмыс істейді. Оның 172-сі жаңартылатын энергия көздеріне жатады. Электр стансаларының жалпы қуаты 27,1 ГВт болса, оның ішінде көмір стансаларының қуаты 13,7 ГВт, ал жаңартылатын энергия көздерінің қуаты 3,8 ГВт болады.
– Өткен жылы елімізде 123,1 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі 124,6 миллиард киловатт-сағатқа жетті, – деді ол.
Вице-министр бірқатар энергетикалық жобаның іске қосылу мерзімі кешігіп жатқанын да атап өтті.
– Қуаты 544 мегаватт болатын Алматы ЖЭО-3 стансасын жаңғырту жұмыстары кешігуде. Сондай-ақ Түркістандағы қуаты 926 мегаватт газ электр стансасы белгіленген мерзімде толық іске қосылмайды. Аталған стансаның 190 мегаватт қуатын ғана іске қосу көзделіп отыр, – деді ол.
Осыған байланысты биыл жоспарланған 2,66 ГВт қуаттың орнына 1,27 ГВт қуатты іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар биылдан бастап электр энергиясының жеті жылдық болжамды балансы жаңартылады. Бұл ретте ірі инвестициялық жобалардың қажеттілігі, оның ішінде деректер орталықтары мен жасанды интеллект инфрақұрылымының электр энергиясына деген сұранысы ескеріледі.
Бақытжан Ілиястің мәліметінше, 2027 жылы жаңа электр стансаларының қуаты іске қосылғаннан кейін электр энергиясын өндіру көлемі 134 миллиард киловатт-сағатқа жетеді деп болжанып отыр. Ал тұтыну көлемі 132,8 миллиард киловатт-сағат болады. Осылайша, 1,3 миллиард киловатт-сағат көлемінде электр энергиясының профициті қалыптасуы мүмкін.
– Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын өндірудегі үлесі 8,5 пайызға жетті. Сонымен қатар аукцион арқылы жаңа жобаларды іске асыру жалғасып жатыр. 2035 жылдың соңына дейін 8,4 гигаватт жаңа қуат көздерін қосу жоспарланған. Оның ішінде 1,8 гигаваты күн электр стансаларына тиесілі болады, – деді вице-министр.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2035 жылға дейінгі электр энергетикалық балансты жаңарту жұмыстары басталған.
Энергетика саласындағы тағы бір маңызды бағыт – көмір генерациясын дамыту. Бұл бағытта жалпы қуаты 7,8 ГВт болатын жаңа қуаттарды іске қосу жоспарланған.
– Ұлттық жобаға 19 жоба енгізілген. Оның сегізі жаңа электр стансаларын салуға бағытталған, олардың жалпы қуаты 5,3 гигават. Қалған 11 жоба қолданыстағы стансаларды кеңейту мен жаңғыртуды көздейді. Олардың жалпы қуаты 2,5 гигаватт болады, – деп атап өтті ол.
Жобалар қатарында Екібастұз ГРЭС-3, Курчатов қаласындағы жылу электр стансасы, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынатын жылу электр стансалары бар.
Вице-министрдің айтуынша, ұлттық жоба жаңа стансалар салумен қатар, қолданыстағы нысандарды жаңғыртуды да қамтиды. Бұл Қазақстанның энергетикалық жүйесін кешенді дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Олжас Бектенов Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» жұмыспен қамтудың өсуіне және азаматтардың әл-ауқатының артуына серпін береді деген еді.