Қазақстанда 2030 жылға қарай газ өндіруді 60 млрд. текше метрге жеткізу жоспарланып отыр - Мұнай және газ министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2030 жылға қарай газ өндіруді 60 млрд. текше метрге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

«Қазақстанда 2030 жылға қарай газ өндіруді 60 млрд. текше метрге жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі күні бұл көрсеткіш 40 млрд. текше метрді құрайды. Ал жер қабатына қайта енгізілетін газдың көлемі шамамен 25 текше метр көлемінде болжанып отыр», - деді Ұ.Қарабалин.

Министрдің атап өтуінше, тауарлық газ өндірісі 21 млрд. текше метр деңгейінде тұрақты сақталатын болады. Ал 2030 жылға қарай жер қабатына қайта айдалатын газ көлемін азайту есебінен тауарлық газды 35-40 млрд. текше метрге жеткізу көзделуде.

«Орта мерзімді болашақта Қазақстанда тақтасты газ бен көмір кен орындарындағы газ әлеуеті тексерілетін болады», - деді ол.