Қазақстанда 2035 жылға дейін жаңа мұнай-газ кен орындарын игеру жоспары әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда көмірсутектердің ресурстық базасын ұлғайту үшін 2035 жылға дейін жаңа мұнай-газ кен орындарын игеру жоспары қабылданды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.

Фото: Энергетика министрлігі

– Тауарлық газға ішкі сұраныстың артуына және жаңа инвестициялық жобаларды қажетті газ көлемімен қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» АҚ, «QazaqGaz» ҰК АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен бірлесіп тиісті жоспарға қол қойды. Жоспар Қазақстан Республикасының жаңа мұнай және газ кен орындарын игерудің жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын тетігін қарастырады. Бұл көмірсутектердің ресурстық базасын тұрақты түрде ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді спикер.

Вице-министрдің мәліметінше, жаңа кен орындарын игеру үшін геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру көзделген.

Сонымен қатар Жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы аясында кейіннен жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін 30 жер қойнауы учаскесі қарастырылған.

– Қазіргі таңда «QazaqGaz» ҰК» АҚ және оның еншілес ұйымдарымен көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалануға 9 келісімшарт жасалды. Оның ішінде 3 келісімшарт өндіру сатысында, 6 келісімшарт барлау кезеңінде, – деді вице-министр.

Айта кетейік, Қазақстанда газ тарату ұйымдарына жаңа талап енгізілуі мүмкін