Қазақстанда 22 қарашада қандай жолдар жабылды

Фото: Балагазиев Ерназ / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет ұсынды.

Компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 22 қарашада сағат 00:30–да Павлодар облысында көлік айрығы қондырмасының шеткі арқалықтарының зақымдалуына байланысты «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолында (Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астанаға шығатын бағыт) көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.

Қалқаман елді мекенінен Астанаға қозғалыс Береке «Қалқаман — Ақсу» көлік айрығы арқылы (ұзақтығы 6 шақырым) және Павлодар қаласынан Қалқаман елді мекеніне қозғалыс «Баянауыл» көлік айрығы арқылы жүзеге асырылады. Қалқаман елді мекенінен Павлодарға және Астанадан Қалқаман елді мекеніне дейін жол ашық.

Солтүстік Қазақстан облысындағы жолда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуіне байланысты барлық көліктердің қозғалысы шектелді. Бұған дейін толассыз жауын-шашын және ауыр жүк көліктерінің көп жүруі салдарынан KZ15-08 «Тимирязево — Сарыкөл — облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырымында (Қостанай облысы шекарасы — Тимирязево ауылы) жол ойылып кеткен.

Сонымен қатар 5 қарашадан бастап тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады. Бұл шара таулы жерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданып, қыс аяқталғанға дейін күшінде болады.

Еске салайық, бұған дейін синоптиктер 22 қарашада бірнеше өңірде қар жауып, көктайғақ болатынын ескерткен еді.