Қазақстанда 22 млрд. тонна өндіріс қалдықтары жинақталса, соның 6 млрд. тоннасы қауіпті қалдықтар - Н. Әшімов

;АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қалдықтарды кешенді қайта өңдеу проблемалары туралы. Киото хаттамасының тетіктерін іске асыру» атты тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Онда ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов баяндама жасады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сөз арасында министр Н. Әшімов қазіргі таңда Қазақстанның қоршаған ортасы үшін өзекті мәселелерге тоқтала келе, ең алдымен қалдықтарды кешенді қайта өңдеу проблемасының маңыздылығын атап өтті. «Бүгінгі күнге дейін елімізде 22 млрд. тоннаға жуық өндіріс және тұтыну қалдықтары жинақталған. Бұның 16 млрд. тоннадан астамы техногендік минералдық түзілімдер болса, 6 млрд. тоннаға жуығы қауіпті қалдықтар болып отыр. Бұлар негізінен өндіріс ошақтарынан шығарылған улы химикатты қалдықтар болғандықтан, қоршаған ортаға да адам денсаулығына да үлкен әсер етеді», деді Қоршаған ортаны қорғау министрі. Оның айтуынша, Қазақстандағы өндіріс қалдығы жан басына шаққанда бір азаматқа 1 мың 381 тонна үлестен тиеді екен. Ал Германияда бір адамға келетін өндіріс қалдықтарының үлесі - 400 келі, оның үстіне бұл қалдықтың барлығы, яғни 100 пайызы қайта кәдеге жаратылады екен.