Қазақстанда 23 ақпанда, жексенбіде күн қатты суытады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жексенбі күні циклоннның ықпалымен қар жауып, бұрқасын көтеріледі, желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді, деп хабарлады Қазгидромет.

Жаңа Жер ауданында қалыптасқан арктикалық ауа Қазақстан аумағына ауысып, антициклон республикаға сібір аязын әкеледі. Жексенбі күні республиканың батысында түнгі температура 22-30 градус аязға дейін төмендейді; солтүстікте, ал дүйсенбі күні шығыста және орталықта 30-35 градус, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста - 15-20, кей жерлерде 25-30 градусқа дейін аяз болады. Қазақстанның солтүстік, шығыс және орталық облыстарында аяздың 40 градусқа дейін жетуі ықтимал. Мұндай температура климаттық нормадан 8-15 градус төмен.

23-24 ақпанда Ақмола облысында түнде ауа райы 30-35 градусқа дейін, кей жерлерде 38 градусқа дейін төмендейді.