Қазақстанда 238 ғана еңбек инспекторы бар – министр

Фото: Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбек инспекторлары жұмысының тиімділігін арттыру жолдарын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Елімізде 238 еңбек инспекторы бар. Экономика министрлігінің сарапшыларымен жаңа функционалдық сараптама жасадық. Олар 10 штаттық бірлік қана беріп отыр. Яғни 240 болады. Мен өз тарапымнан мемлекеттің жағдайын жақсы түсініп отырмын, ешқандай қосымша сұраған жоқпын. Қазір басқа да қиын жағдайлар республикада көп», - деді министр Jibek joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында.

Еңбек министрі мемлекеттік еңбек инспекторларының саны көбейгенімен, сапасы болуы үшін цифрлық технологияларды енгізіп жатқанын айтты.

«Егер бір кәсіпорында бір қызметкердің еңбегі бұзылса, сол ұйыммен мобильді қосымша арқылы байланыса алады. Өз аяғымен кәсіпорындарға бару қажеті жоқ. Оған сан да керегі жоқ», - деді С. Жақыпова.

Бұған дейін С. Жақыпова Қазақстанда биыл өндірістік қауіпсіздіктің сақталмауынан 221 адам көз жұмғанын айтқан еді.