Қазақстанда 24-26 қазан күндері күшті жел тұрып, бұрқасын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланған болатын, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қазгидрометке сілтеме жасап.

Қазақстан аумағында жауын-шашынды ауа райын туындататын циклон сақталып тұр. Батыс өңірдегі циклоннан солтүстік және батыс облыстарда жауын-шашынды ауа райы қалыптасып келеді. 2017 жылдың 24-26 қазан күндері кей жерлерде жаңбырдың соңы қарға айналады. Циклонның жылжуы және онымен байланысты суық атмосфера ағынына байланысты республиканың солтүстік-шығыс, солтүстік, орталық және шығыс облыстарында қар жауады, батыстан соққан желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді, кей жерлерде боран мен көктайғақ болады. Қазақстанның оңтүстік-шығысында 25 қазанда жаңбыр жауады.

Таулы аудандарда қазірдің өзінде қар мен жаңбыр жаууда. Ауа температурасы елдің көп бөлігінде климаттық нормадан 3-5ºС градусқа төмен болады, оңтүстік өңірлерде  климаттық норма сақталады.