Қазақстанда 240 001 теңге және одан жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 5,6 пайызды құрады

None
АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы есептелген жалақы мөлшерлері бойынша қызметкерлер санын бөлу бойынша бірыңғай зерттеу жұмыстары екі жылда бір рет жүргізіледі. Деректерді жинақтау кәсіпкерлік қызметпен айналысатын кіші кәсіпорындардың есебінсіз барлық кәсіпорындар мен ұйымдар бойынша жүргізіледі. Зерттеу маусым айында толық жұмыс істеген қызметкерлерді қамтиды.

«2013 жылғы маусымда толығымен жұмыс істеген қызметкерлер саны 3 024,3 мың адамды құрады. Оның ішінде ерлер 1 556,4 мың адамды (51,5%), әйелдер 1 468,0 мың адамды (48,5%) қамтыды»,-делінген ҚР Статистика агенттігінің мәліметінде.

Қызметкерлердің санын топтау нақты есептелінген жалақы көлеміне сәйкес жүзеге асырылған. 30 000 теңгеге дейінгі орташа айлық жалақыны 8,7% қызметкерлер алған, 30 001-ден 75 000 теңгеге дейін - 41,6%, 75 001-ден 105 000 теңгеге дейін - 19,9%, 105 001-ден 150 000 теңгеге дейін - 15,3%, 150 001-ден 240 000 теңгеге дейін - 8,9%, 240 001 теңге және одан жоғары - 5,6% қызметкерлерге тиесілі.

Республикадағы қызметкерлердің көпшілігінде орташа айлық жалақысының шамасы 30 001-ден 75 000-ға дейін ауытқыды. 30 001-ден 75 000 теңгеге дейін орташа айлық жалақысын Солтүстік Қазақстан облысында 51,6% қызметкерлер алған, ал Маңғыстау облысында - 27,0%. Есептелген жалақысының деңгейі 330 001 теңге және одан жоғары алған қызметкерлердің ең көп үлесі Маңғыстау (12,9%) және Атырау (10,2%) облыстарында белгіленді.

Экономикалық қызмет түрлерінің бөлінісінде 30 000 теңгеге дейін есептелген жалақы қызметкерлердің ең жоғары үлесі ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында (23,3%) белгіленді, ал 330 001 теңге және одан жоғары - қаржы және сақтандыру қызметі (11,2%), сонымен қатар кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында (11,1%) белгіленді.