Қазақстанда 25 жылда түрмеде отырғандардың саны 3 есе азайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 25 жылда түрмеде отырғандардың саны 3 есе азайды. Бұл туралы бүгін Республика судьяларының VII съезінде ҚР Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекетіміз құқықтық жүйені ізгілендіру, яғни гуманизация жолын  таңдады. Сондай-ақ, біздің бұл тәжірибемізді  халықаралық сарапшылар  алға басушылық деп бағалауда. Жалпы алғанда 25 жылда түрмеде отырғандардың саны 3 есе азайды. Егер 1991 жылы Қазақстан 100 мың адамға шаққанда түрмеде отырғандардың коэффициенті бойынша әлемде 3-ші орында болса, ал 2016 жылы еліміз аталған көрсеткіш бойынша 62-ші орынға төмендеді», - деді ол.

Сонымен қатар Мәми соңғы жылдары отандық соттар сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды толық меңгеріп алғандығын атап өтті. Бүгінде көптеген елдердің өкілдері біздің электронды іс жүргізу тәжірибемізді үйрену үшін Қазақстанға үміт артып отырғандығын баса айтты.

«Ұлт жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз етуге байланысты 2-ші реформасы өз уақытында, әрі тиісті деңгейде іске асырылуда. Барлық қажетті заңдар қабылданды. Жаңа нормалар соттардың тәжірибесіне сәтті енгізілуде. Нәтижесінде отандық сот жүйесі айтарлықтай жаңарды. Жалпы алғанда ҚР Жоғарғы соты Ұлт жоспары бойынша өзіне жүктелген 10 қадамның барлығын толықтай орындады. Сонымен қатар VI съезде қабылданған қарарлардың барлығы жүзеге асты»,-  деді Жоғарғы сот төрағасы.