Қазақстанда 250-ден астам емдеу және диагностика хаттамасы қайта қаралады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 250-ден астам емдеу және диагностикалау хаттамасын қайта қарамақшы. Ведомствоның қорытынды алқа мәжілісінде Ажар Ғиният осындай жоспарын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылы онкологиялық қызметті кешенді түрде жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ, халыққа көрсетілетін мамандандырылған және жоғары технологиялы көмекті жетілдіру үшін 250-ден астам емдеу және диагностикалау хаттамасын қайта қарау көзделіп отыр», - деді Ажар Ғиният.

Бұл хаттамалар әсіресе жүрек-қантамыр жүйесі, онкологиялық аурулар сияқты дерттерге қатысты болмақ.

«Осының арқасында науқастарды емдеу тактикасын халықаралық, жалпы қолданыстағы стандарттарға мейлінше жақындатуға болады», - деді ведомство басшысы.