Қазақстанда 250-ден астам цифрлық жоба іске асырылды

Фото: Astana Hub

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда цифрлық жобаларды қаржыландырудың жаңа тетігі енгізіліп, оның нәтижесінде 250-ден астам жоба іске асырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында astanahub.com платформасы негізінде Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі іске қосылған.

– Қазақстанда алғаш рет ғылыми инфрақұрылым деректері толық цифрландырылды. Қазіргі таңда платформада 2000-нан астам IT-компания, 100-ден астам өнеркәсіп кәсіпорны және 900-ден астам ғылыми ұйым мен зертхана біріктірілген. 2025 жылы порталға 1,7 млн пайдаланушы кіріп, жалпы қаралым саны 35 млн-нан асты, – деді Жаслан Мәдиев.

Оның сөзінше, цифрлық жобаларды қаржыландырудың тұрақты тетігі қалыптасқан.

– Жер қойнауын пайдаланушылардың 1% аударымдары есебінен 120-дан астам кәсіпорын қамтылып, 250-ден астам цифрлық жоба іске асырылды. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 280-ге жуық отандық IT-компания тартылды. Жалпы қаржыландыру көлемі 32 млрд теңгені құрады, – деді министр.

Министр нақты жобалардың нәтижесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қызылорда облысында енгізілген «Цифрлық кен орны» жобасы мұнай алу коэффициентін 92%-ға дейін арттырған. Сонымен қатар шығындар 10%-ға қысқарып, басқару тиімділігі 20%-ға өскен.

Ал Абай облысында енгізілген позициялау жүйесі өндіріс алаңындағы қызметкерлердің орналасқан жерін 1 метрге дейінгі дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өндірістегі қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, цифрлық жобаларды қаржыландыру тетігі алдағы уақытта одан әрі жетілдіріледі.

– Жаңартылған тәсілге сәйкес, қаржының 0,5%-ы Astana Hub арқылы цифрландыруға, ал тағы 0,5%-ы ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталады. Барлық процестердің ашықтығы бірыңғай терезе арқылы онлайн режимде қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мониторинг жүйесі жасанды интеллект құралдары арқылы күшейтіледі, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Жаслан Мәдиeв инновациялық жобаларға салынған әрбір теңге екі есе қайтарым беріп отырғанын мәлімдеген еді.