Сағат 8-30-да «Нұр Отан» партиясының хатшысы Т. Дүйсенова мен Қазақстан Президенті бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Б. Жұмағұлов Ақмола облысына жұмыс сапарымен барады.
Ал сағат 11-00-де Әділет министрінің орынбасары Н.Панның басшылығымен мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес өкілдерінің қатысуымен Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтеді.
12.00 -де Қазмедиа орталығында «Қазақстанның үздік тауары» жыл сайынғы өңірлік байқау-көрмесі ұйымдастырылады.
Кешкі сағат 17-00-де «Жастар» сарайында «Адал жол - Честный путь» жемқорлыққа қарсы марафонның қорытындысын шығаруға арналған салтанатты шара болады.
АЛМАТЫ
Сағат 10-00-де «Олимпиада» спорттық-сауықтыру кешенінде ММА-дан Қазақстанның ұлттық құрама командасының оқу-жаттығу жиынының бірінші кезеңіне және Ұлттық допингке қарсы орталық өкілдерімен допингке қарсы ережені сақтау мәселелеріне арналған баспасөз-туры өткізіледі.
Ал 11-30-да Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазтелерадио» АҚ қызметінің негізгі детерминанттары» тақырыбында баспасөз мәслихаты болады.
Кешкі сағат 18-00-де «Мега парк» СОСО аумағында «ALASH-PRAID» халықаралық промоутерлік ұйымы аралас жекпе-жектен Азия чемпионаты аясында спортшылардың жария салмақ өлшеу шарасын ұйымдастырады. Халықаралық ауқымдағы жария шара барысында «К1» халықаралық және «ALASH-PRAID» нұсқалары бойынша Азия чемпионы белдеуі мен атағына таласатын спортшылар салмақтарын өлшейтін болады.
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ
Сағат 9.00-де "Атырау" спорт кешенінде ұлттық валюта - теңгенің 25 жылдығы қарсаңында облыстың банк қызметкерлері арасында волейболдан жарыс өтеді.
Ал сағат 15.00-де Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда облыстық Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен "Тәрбие бастауы анадан" атты облыстық келіндер сайысы болады.
ЕКІБАСТҰЗ
Сағат 08-00-де «Қайнар» орталығының ғимаратында Павлодар облысының ет өнімдерін шығаратын зәкірлік кооперациясына қатысушылар үшін«New Nomad» іскерлік ойыны пішініндегі оқыту семинары басталады. Шараға Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, облыс әкімінің орынбасары, бордақылау алаңдарының басшылары, серіктес фермерлер, облыстық, аудандық әкімдіктердің қаржы институттары филиалдарының өкілдері қатысады.