Қазақстанда 28 қаңтарда қай жолдар жабық
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.
2026 жылғы 28 қаңтар сағат 08:00-дегі жағдай бойынша ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың келесі учаскелерінде барлық көлік түрі үшін қозғалыс шектелді:
Қызылорда облысы
• «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 1486-1806- шақырым аралығы (Мирас нысандық қызметі – Қызылорда қаласы).
Маңғыстау облысы
• «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» республикалық маңызы бар автожолының 338–718-шақырым аралығы (Бейнеу ауылы – Жетібай ауылы).
Сондай-ақ Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы көпір өткелінің шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жол айрығы учаскесі – Қалқаман ауылына кіреберіс және Астана бағытына шығатын жол жабылды.
Еске салайық, «Қазгидромет» РМК синоптиктері 28 қаңтарда еліміздің бірнеше өңірінің тұрғындарына тұман, көктайғақ, бұрқасынға байланысты ескерту жасаған еді.