Қазақстанда 3,4 мың шақырымнан астам автожол жөнделеді - А. Жұмағалиев

АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Бүгінде Қазақстанда 3,4 мың шақырымнан астам автожол жөнделуде. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көлік және комуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

«Автожол саласының бюджеті - 310 млрд. теңге, оның ішінде республикалық желі бюджеті 235,3 млрд. теңгені құрайды. Біз 3485 шақырым жолда жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз, оның 2 мың шақырымы жол қозғалысына ашу жоспарлануда. Бұл ретте, біз жолдардың жағдайын 2 пайызға жақсартуды көздеп отырмыз», - деді ол.

Сонымен қатар өз сөзінде таяудағы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Елбасы Н.Назарбаев тарапынан жолдарға қатысты сынның әділ болғандығын баса айтқан министр: «Мемлекет басшысы елдегі жолдарға қатысты сынды өте әділ айтты. Бүгінгі таңда салада бірқатар проблемалы мәселелер бар. Бұлар: заңнамалық база мен басқару құрылымының жетілдірілмеуі, жөндеу жұмыстарының сапасы, автожолдардың жай-күйінің қанағаттанарлықсыздығы, автожолдарды жөндеу мен ұстап тұруға қаржыландырудың жеткіліксіздігі, үлкен жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдауы, жолдардағы қауіпсіздікті қамту шараларының жеткіліксіздігі және сервис желісінің жоқтығы», - деді А.Жұмағалиев.