Қазақстанда 3 компания криптоайырбас бойынша лицензия алды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда өтіп жатқан Central Asia Fintech Summit саммитінде Ұлттық банктің цифрландыру және инновациялар басқармасының бастығы Арлен Молдабеков криптоайырбас, криптобиржаға қатысты жаңашылдықтарды айтты.

Фото: Pexels

1 мамырдан бастап крипто саласын Ұлттық банк реттеп, компанияларға лицензия береді. Тек лицензиясы бар компаниялар арқылы криптомен айналысу заңды.

— Каse қаржы биржасы токендеу және цифрлық операцияны жүзеге асыру бойынша бірінші болып лицензияны алды. 3 компания криптоайырбас жасау бойынша лицензияға ие. Ал 5 компанияға лицензия беру мәселесі қарастырылып жатыр, — деді Арлен Молдабеков.

Толық лицензияға ие компаниялар: Binance Kazakhstan, Bybit Kazakhstan және ATAIX Eurasia.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, ұлттық крипторезерв құрылды. Сондай-ақ елдегі жаңа саланы дамыту үшін халықаралық компаниялармен ынтымақтастық жүргізілгенін айтты.

— Цифрлық активтерге байланысты Caesar компаниясымен өзара ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойдық. Binance-пен жұмыс істеп жатырмыз, — деді Молдабеков.

Айтуынша, бұған дейін крипто саласы елде заңсыз болғандықтан, азаматтар оның жасырын жолын іздеймін деп алаяқтық схемаға түсіп қалатын. Енді токенизация заңды болды.

Ол криптобиржа бойынша дүниежүзілік компаниялардың елге келуі нарықты дамытып, көп қаржы әкелетінін айтты.

Еске салсақ, Алатау қаласында «криптоқала» тұжырымдамасы енгізілетінін хабарладық.