Қазақстанда 3 мың әскери міндетті адамды жауынгерлік жиындарға тарту себебі айтылды

Фото: Фото: Атырау гарнизонының баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қорғаныс министрлігі 3 мың әскери міндетті адамды әскери жиындарға тарту себебін түсіндірді. 

«Әскери дайындықтың негізгі мақсаты – әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, әскери дайындықтан өткен ресурстарды резервке дайындау және жинақтау», - делінген министрліктің Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

Ведомствода әскери міндеттілерді жұмылдыру арқылы оқу-жаттығу жиындары жоспарлы құжаттар негізінде жүйелі түрде өткізілетінін түсіндірді.

«Әскери дайындыққа шақырылғандар санын арттыру Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін көтеруге бағытталған. Азаматтарды әскери мамандығы бойынша дайындауға қатысты мәселелерді шешу өңірдегі және әлемдегі геосаяси жағдаймен байланысты емес. Сонымен бірге, біз тұрақты негізде геосаяси жағдайға талдау жасап келеміз», - делінген хабарламада.

ҚР Қорғаныс министрлігі 2024 жылы әскери жиындарда бір адамға жұмсалатын қаражат сомасы жайында түсінік берді. 

«Әскери міндеттілерді жауынгерлік дайындықтан өткізуге 3000 адамды шақыру жоспарланған. 2024 жылы осы міндетті өтейтін бір адамға 500 000 теңгеге жуық қаржы қарастырылған», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Бұйрық жобасы 23 қаңтарға дейін қоғамдық талқылауда болды. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр әскери міндеттілер арасынан әскери жиынға 1,5 мың адам шақырылды.