Агенттік басшысы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға сәйкес республиканың конфессиялық кеңістігін бір ізге салып, жүйелеуге септігін тигізген діни бірлестіктерді қайта тіркеу үрдісі өткізілгенін еске салып өтті.
«Тіркеуге дейін елде 4551 діни бірлестік қызмет еткенін атап өту керек. 2012 жылы 25 қазанда аяқталған қайта тіркеуден соң олардың саны 3088 құрады. Діни бірлестіктердің жалпы санының қысқаруы бұрын тіркелген діни бірлестіктердің үштен бірі іс жүзінде қызмет етпегендігімен байланысты»,-деді ол.
Қайрат Лама Шарифтің сөзіне қарағанда, сондай-ақ, діни оқу орындарының саны да қысқарып, бұрын қызмет еткен 28 мекеменің 13-і қайта тіркеуден өтті.
Бұған қоса сарапшылар жұмысының негізінде діни бірлестіктердің жаңа сыныптамасы ұсынылды. Егер, бұрын елде ресми түрде 46 конфессия мен деноминация есепте болса, енді олардың саны 17 конфессияны құрайды.