Қазақстанда 32 мыңға жуық шетелдік студент оқиды

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл еліміздің жоғары оқу орындарында 31,5 мың шетелдік студент білім алып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми жауабында жазылған.

Қазақстан соңғы жылдары халықаралық білім беру аренасында өз позициясын нығайтып келе жатыр. 2022–2023 жылдары COVID-19 пандемиясы әсерінен шетелдік студенттер саны уақытша азайғанымен, жалпы көрсеткіште өсім бар.

— 2020 жылы күндізгі бөлімде — 28,1 мың, 2021 жылы — 28,7 мың, 2022 жылы — 26 мың, 2023 жылы — 26,8 мың шетелдік студент білім алды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, 31,5 мыңға жетті. Бұл — соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш, - делінген жауапта.

Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылғы мәліметтерді есептеу әлі толық аяқталмаған, соның өзінде көрсеткіште өсім барын айтуға болады.

Бір қызығы, соңғы 4 жылда Үндістаннан келетін студенттер саны 3 есе артқан.

— Шетелдік студенттер арасында ең көбі — Үндістаннан келгендер: 2024 жылы олардың саны 12 020-ға жеткен. Салыстыра кетсек, 2020 жылы бұл көрсеткіш 4 340 болған. Олар көбіне медицина, ақпараттық технологиялар және инженерия бағыттарын таңдайды, - делінген хабарламада.

Екінші орында Түрікменстан тұр. Бұл елден 2020 жылы — 2 989, ал 2024 жылы 3 962 студент келген.

Қазақстанға оқуға келетін ресейлік студенттер саны да артқаны байқалады: 2020 жылы — 1 176 болса, 2024 жылы — 3 005. Ресей азаматтары үшін Қазақстанның жоғары оқу орындары қолжетімділігімен, оқу бағдарламаларының ұқсастығымен және дипломдардың өзара мойындалуымен тартымды.

Сондай-ақ қытайлық студенттер саны да екі есеге артқан: 2020 жылы — 977 болса, 2024 жылы — 2 089. Олар негізінен техникалық және инженерлік мамандықтарға қызығушылық танытады.

Одан бөлек, Пәкістаннан келетін студенттер саны да айтарлықтай өскен: 2020 жылы — 107 болса, 2024 жылы — 1 192. Бұл 11 еседен астам өсім. Бұндай Қазақстанның жоғары оқу орындары Оңтүстік Азия елдерінде білім беру бағдарламаларын белсенді насихаттау және халықаралық көрмелерге қатысу арқылы қол жеткізді.

Осылайша, Қазақстан тек ТМД елдерінен ғана емес, бүкіл Азия мемлекеттерінен студенттерді тартатын орталыққа айналып келеді. Бұл — еліміздің халықаралық білім беру нарығында өз үлесін жыл санап арттырып келе жатқанының айқын көрінісі.

Шетелдік студенттер не себепті біздің елді таңдайды? Kazinform тілшісінің сауалына орай, Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік студенттерді елімізге тартып тұратын бірнеше негізгі факторды атап көрсетті.