Қазақстанда 340 мектеп директорының орны бос тұр, маман жоқ – министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Білім беру саласындағы басшылардың біліктілігін арттыру үшін «Білім беру өзгерістерінің мың көшбасшысы» бағдарламасы әзірленеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім беру жүйесінің жетістігі мен білім беру процесінің барлық қатысушылары – мұғалімдер, оқушылар, мектеп директорлары, ата-аналар, ғылыми орталықтар, атқарушы органдар арасында коммуникацияның дұрыс құрылуына байланысты болып отыр. Осы орайда жауапкершіліктің дұрыс құрылуы маңызды. Атап айтқанда, сынып ішінде мұғалім білім сапасына толық жауапты болса, мектеп басшысы – мектеп деңгейінде білім беру сапасына және коллаборацияға жауапты. Аудандық білім бөлімдері – аудандық директорлар корпусының сапасына, өңірлік білім басқармалары – өңір деңгейіндегі директорлар корпусының сапасы мен жалпы басқаруына жауапты», - деп атап өтті министр «Қазақстан халқына» қоры ұйымдастырған «Білімді ұрпақ – білімді ел» конференциясында.

Қазіргі уақытта Қазақстанда білім басқарушыларының жүйелі даярлау бағдарламасын қажет етіп отыр.

«Бұл бағытта айта кететін дүние – жалпы басқарушы, персоналды көшбасшылық және менеджмент дағдыларын үйрену басшылық лауазымға тағайындалған соң жүргізілетінін көріп отырмыз. Уақыт өткен сайын мектеп директорларының тапшылығы да көрініс тауып, білім мекемелерінің басшыларының жалақысын арттыру қажеттігі де туындап отыр. Осыған орай, Президент тапсырмасымен «Білім беру өзгерістерінің мың көшбасшысы» бағдарламасын әзірлеудеміз. Бұл жалпы орта білім беру жүйесін басқару мен көшбасшылықтың заманауи құзіреттеріне ие, білікті мамандармен қамтамасыз етеді», - деді Оқу-ағарту министрі.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, 2023 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша республикада 340 директор жетіспеушілігі бар, 144 директор зейнет жасына жақындап қалды.

«Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын 401 мектепке де директорлар қажет.