2024 жылғы қыркүйектен бастап 2026 жылғы 12 қазанды қоса алғанда 11–13 жас аралығындағы 301,7 мыңнан астам қыз бала вакцинаның бірінші дозасын, ал 196,6 мыңы екінші дозасын алды.
2026 жылғы мамырдан бастап бағдарламаға 14–17 жас аралығындағы қыздар да қосылды. Бұл жас тобында шамамен 58,6 мың қыз бала вакцинаның бірінші дозасын, 19,1 мыңы екінші дозасын алды.
Вакцинациялау ата-аналардың немесе заңды өкілдердің келісімімен, ерікті негізде және мемлекет есебінен жүргізіледі.
АПВ-ға қарсы егу жатыр мойны обыры жағдайларының басым бөлігін тудыратын вирустың ең қауіпті типтерінен қорғайды және болашақта аурудың даму қаупін айтарлықтай төмендетуге көмектеседі.
Мониторингтің деректері бойынша егілген қыз балалардың арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелмеген.
-Бағдарламаның кеңеюі Қазақстандағы көбірек отбасына заманауи профилактикалық шаралардың қолжетімді болуына мүмкіндік береді. Қосымша ақпаратты тіркелген жері бойынша емханадан алуға болады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, 2027 жылы Қазақстанда денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге бөлу көзделген. Бұл қаражат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және медициналық сақтандыруға көзделген.