Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде басталған «Стратегиялық жоспарлаудың негіздері және еңбек қауіпсіздігін басқару жүйесін жетілдіру жолдары» тақырыбындағы семинарда ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.
Оның айтуынша, отандық экономиканың құрылымына байланысты елімізде «қауіпті», «зиянды» және «ерекше зиянды» өндірістік ошақтар бар. Онда 360 мыңға жуық Қазақстан азаматы еңбек етеді. «Өкінішке қарай, өндірісте жазатайым оқиғалар әлі де болып жатады. Дегенмен соңғы жылдары ондай жағдайлардың деңгейі төмендеп келеді. Дегенмен, өткен жылы 2 мыңнан астам жазатайым оқиға тіркелсе, биыл алты айдың өзінде 1043 жағдай болып, 127 адам қаза тапты. Бұл біздің жұмысымызды әлі жетілдіру қажеттігін көрсетеді», - дейді Б.Нұрымбетов.
Вице-министр атап көрсеткендей, 2011 жылы Қазақстанда мемлекет, жұмыс беруші компаниялар мен кәсіподақтар арасында екіжылдық бас келісімге қол қойылған болатын. Сондай-ақ биыл Еңбек кодексіне енгізілген бірқатар өзгерістерге сәйкес, еңбек қауіпсіздігі бойынша тиісті жұмыстарды орындау қарастырылып отыр.