Қазақстанда 4 немесе одан көп баласы бар отбасылардың саны 6%-ды құрайды - С.Жақыпова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан бойынша үш баласы бар отбасылардың үлесі - 9,5%-ды, ал, төрт жəне одан да көп баласы бар отбасылардың саны небары 6%-ды құрайды екен. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мəлім етті.

«2015-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы отбасылық қатынастарды, морльдық-этикалық жəне рухани құндылықтарды нығайтудың жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жаңғырту» тақырыбында өткен брифингте вице-министр ең алдымен үлгілі отбасының портретін насихаттау керек екенін айтты. «Қазақстанда 4 миллионнан астам отбасы бар, бұл отбасылар 5 миллионнан астам бала тəрбиелеп отыр. Еліміз бойынша бір баласы бар отбасылардың үлесі 27%-ды, екі баласы бар отбасылардың саны - 20,6%-ды, үш баласы бар үйлердің саны - 9,5%-ды, ал, төрт немесе одан да көп бала өсіріп отырған отбасылардың үлесі - 6%-ды құрайды»,-деді вице-министр.