Қазақстанда 40 жастан асқан әйелдердің бала туу көрсеткіші артты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы демографиялық үрдіс біртіндеп өзгеріп келеді: әйелдер алғаш рет некеге тұрып, ана атануды кейінгі жасқа ығыстырып жатыр. 2025 жылы 40 жастан асқан 4,9 мың қазақстандық әйел алғаш рет тұрмысқа шыққан. Ал осы жастағы әйелдерден 16,3 мың бала дүниеге келген. Бұл туралы Finprom.kz жазды.

Фото: Pixabay.com

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы 40 жастан асқан, алғаш рет некеге тұрған әйелдер саны 4,9 мың адамды құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. 40 жастан асқан қалыңдықтардың алғаш рет некеге тұрған әйелдердің жалпы санындағы үлесі осы кезеңде 4%-дан 5,5%-ға дейін өскен.

Олардың басым бөлігі, яғни 3,6 мың әйелді 40-49 жас аралығындағы қазақстандықтар. Ал 50 жастан асқан 1,1 мың әйел алғаш рет тұрмысқа шыққан. Сарапшылардың айтуынша, тіпті зейнет жасы да некеге тұруға кедергі емес: жыл сайын 200-300 зейнеткер әйел өмірінде алғаш рет некеге отырады.

40 жастан асқан ер адамдар арасында да алғаш рет некеге тұратындардың үлесі артып келеді. Алғаш рет үйленген ер адамдардың жалпы санындағы үлесі 2021 жылғы 5%-дан өткен жылы 5,9%-ға дейін өскен.

Дегенмен 40 жастан асқан, алғаш рет некеге тұрған ер адамдардың жалпы саны айтарлықтай өзгермеген. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш жылына 4,9-5,7 мың адам аралығында болды. Ал 2021 және 2025 жылдарды салыстырғанда, алғаш рет үйленген ер адамдардың саны 7,3%-ға, яғни 5,7 мыңнан 5,3 мыңға дейін азайған.

— Статистика Қазақстандағы демографиялық өзгерістердің тағы бір маңызды қырын көрсетеді. Азаматтар алғаш рет некеге тұруды кейінгі жасқа қалдырып келеді. Сонымен қатар алғашқы ажырасу жасы да төмендеген. Бұл 40 жасқа жақындаған сайын қайтадан отбасын құруға дайын ажырасқан адамдар санының артуына әсер етіп отыр. Мұндай үрдісті статистикалық көрсеткіштерден де байқауға болады, — делінген жарияланымда.

Қазақстанда алғаш рет некеге тұратын ер адамдардың орташа жасы 27,8-28 жасты құрайды. Ал алғаш рет тұрмысқа шығатын әйелдердің орташа жасы 25,2-25,3 жас шамасында. Бұл қазақстандықтардың отбасын құруға асықпай, өмірлік тәжірибе жинап, ақыл тоқтатқан шақта шаңырақ көтеруге бейім екенін көрсетеді.

Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

Сонымен бірге алғашқы некенің бұзылатын жасы бойынша да айтарлықтай өзгеріс бар. Ер адамдарда бұл көрсеткіш 2021 жылғы 38,8 жастан өткен жылы 36,2 жасқа дейін төмендеген. Әйелдер арасында алғашқы некені бұзу жасы 37,3 жастан 34 жасқа дейін қысқарған.

Мамандардың пікірінше, бұл азаматтардың отбасын құруды кейінге қалдырып қана қоймай, отбасылық одақ өз күткеніне сәйкес келмеген жағдайда оны бұзу туралы шешімді де бұрынғыдан ертерек қабылдайтынын көрсетуі мүмкін.

— Ажырасқан азаматтардың қайта некеге тұру статистикасы ересек жастағы топтардағы ахуалдың ауқымын көруге мүмкіндік береді. 40 жастан асқан, қайтадан отбасын құруға дайын қазақстандықтардың саны осы жаста алғаш рет некеге тұратындардың санынан едәуір көп, — деп атап өтілген жарияланымда.

Соңғы бірнеше жылда 40 жастан асқан ер адамдар арасында бұрын некеде болған азаматтардың саны тұрақты түрде жоғары деңгейде қалып отыр. Олардың саны шамамен 10 мың адамды құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 10,6 мың адамға жеткен.

Бұл көрсеткішке негізінен 40-49 жас аралығындағы ер адамдар үлес қосқан — 6,6 мың адам. Ал одан жоғары жастағы топтарда көрсеткіш төменірек және айтарлықтай өзгермеген.

Жыл сайын 50-59 жас аралығындағы бұрын ажырасқан шамамен 2,7 мың қазақстандық ер адам қайта некеге тұрады. Ал зейнеталды және зейнет жасындағы ер адамдардың 1 мыңнан сәл астамы қайта үйленеді.

Әйелдер арасында бұл бағыттағы динамика айқынырақ байқалады. 40 жастан асқан ажырасқан әйелдердің қайта тұрмысқа шығу саны 2021 жылғы 6,6 мыңнан өткен жылы 7,5 мыңға дейін, яғни 14,5%-ға артқан.

Әсіресе 40-49 жас аралығындағы әйелдер арасында өсім байқалады. Бұл жаста қайта некеге тұрған әйелдер саны 2021 жылғы 4,3 мыңнан 2025 жылы 5,1 мыңға дейін өскен.

Қазақстанда әйелдердің орташа босану жасы 30 жасқа жақындады

Уақыт өте келе әйелдердің босану жасы да өзгеріп келеді. 2021 жылы Қазақстанда босанған әйелдердің орташа жасы 29,4 жасты құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш 29,9 жасқа дейін өскен. Ал қалаларда орташа босану жасы бірнеше жылдан бері 30 жастан асып отыр.

Ата-аналықты репродуктивті жастың кейінгі кезеңіне ығыстыру 40 жастан асқан әйелдердің бала туу көрсеткіштерінен де байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы 40 жастан асқан әйелдерден 16,3 мың бала дүниеге келген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға көп.

Фото: Pixabay.com

Сонымен қатар 50 жастан асқан әйелдер 148 сәбиді дүниеге әкелген.

Жалпы, 40 жастан асқан әйелдерден туған балалардың барлық жаңа туған нәрестелер арасындағы үлесі осы кезеңде 3,6%-дан 4,9%-ға дейін өскен.

— Қазақстанда жыл сайын 40 жастан асқан әйелдерден 1,3-1,5 мың алғашқы сәби дүниеге келеді. Алайда бұл жаста әйелдердің басым бөлігі үшінші, төртінші немесе бесінші баласын өмірге әкеледі. Сондықтан 40 жастан асқан аналардан туған алғашқы емес балалардың саны әлдеқайда көп. Өткен жылы олардың саны 14,4 мыңға жетті, — дейді сарапшылар.

40 жастан асқан әйелдердің бала туу көрсеткіші қалай өзгерді?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 40-44 жастағы әйелдердің туу коэффициенті 2021 жылдан бері әр 1 мың әйелге шаққанда 24,5-тен 22,4-ке дейін төмендеген.

Ал 45-49 жастағы әйелдер арасында керісінше өсім байқалады. Бұл жастағы туу коэффициенті әр 1 мың әйелге шаққанда 1,4-тен 1,9-ға дейін артқан.

Фото: Pixabay.com

Сарапшылардың айтуынша, статистикадағы бөлшек сандар қалыпты жағдай. Өйткені бұл көрсеткіштер абсолютті сан емес, есептеу арқылы алынатын коэффициенттер. 

Қазақстан өңірлерінде туу көрсеткіштері әртүрлі. Оған урбанизация деңгейі, халықтың жас құрылымы сондай-ақ әлеуметтік-мәдени ерекшеліктер сияқты көптеген фактор әсер етеді.

40 жастан асқан әйелдердің бала туу көрсеткіштері де осы факторларға байланысты өңірлер бойынша ерекшеленеді.

Өткен жылы 40-44 жастағы әйелдердің әр 1 мыңына шаққандағы туу коэффициентінің ең төмен көрсеткіштері Солтүстік Қазақстан облысында — 10,7, Қостанай облысында — 12,2 және Ақмола облысында — 16,1 болды.

Бұл өңірлерде жалпы туу коэффициенті де елдің басқа облыстарымен салыстырғанда төмен деңгейде тіркелген.

Ал 40 жастан асқан әйелдер арасындағы туу коэффициентінің ең жоғары көрсеткіштері Қызылорда облысында — 32,9 және Маңғыстау облысында — 31,6 болды.

Елімізде 6,2 миллионнан астам отбасы бар. Алайда соңғы статистика неке санының азайып, ажырасудың керісінше көбейгенін көрсетеді. 2026 жылдың алғашқы үш айында 21,6 мың неке тіркелген. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңінен 4%-ға аз әрі соңғы 20 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Неке саны бойынша Алматы, Түркістан облысы және Астана алда тұр. Толығырақ шолу мақаладан оқыңыз.