Қазақстанда 450-ден астам ауған студенті оқып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстан Ауғанстаннан келген студенттерге 30 грант бөлуге дайын. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан ауған студенттерін оқыту бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыруға дайын. Биыл Қазақстан Ауғанстаннан келген студенттерге 30 грант бөледі», - деді С. Жұманғарин.

Оның айтуынша, Қазақстанда 450-ден астам ауған студенті оқып жатыр.

«Қазақстан ауған халқына материалдық және гуманитарлық қолдау көрсете отырып, Ауғанстан үшін гуманитарлық көмекті қамтамасыз етуге өз үлесін қоса бермек», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи Қазақстанның гуманитарлық көмегіне алғыс айтты.