Қазақстанда 461 мың адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды - Д.Арғындықов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда461 мың адам мемлеукеттік қолдау шараларымен қамтылды. Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Халықаралық еңбек ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған Өңірлік бюросының директоры Хайнц Коллердің кездесуінен кейін еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов БАҚ өкілдеріне мәлім етті.

«Егер, біздің еліміз жайында айтар болса, бізде қарқынды дамушы еңбек нарығы қалыптасқан. Халықтың жұмыспен қамтылуы тұрақты артып келеді. Өткен жылдың қорытындысында жұмыссыздық деңгейі шамамен 5 пайызды құрады. Бұл - еңбек нарығындағы ахуалды сипаттайтын басты көрсеткіш», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Еуропалық одақ елдеріндегі жұмыссыздық деңгейі 1,3 пайызды құрайды. Бірақ одақтағы жекелеген елдердегі ахуал сантүрлі. Мәселен, Германияда бұл көрсеткіш 5 пайыздан төмен болса, Шығыс Еуропа елдерінде жұмыссыздық деңгейі 18, ал Грекияда 25 пайызды құрайды.

«Әрине, біздің ұлттық еңбек нарығымыз да белгілі бір проблемалармен бетпе-бет келуде. Ол ең бірінші кезекте тиімсіз жұмыспен байланысты. Бізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі барынша жоғары. Статистика органдарының бағалауынша, өзін-өзі жұмыспен қамтылған халықтың саны 2,4 млн. адамды құрайды. Оның ішінде шамамен 700 мың адам өнімсіз жұмыспен қамтылған»,- деді Д.Арғындықов.

Сондықтан да вице-министрдің сөзіне қарағанда, жұмыссыздар, аз қамтылған азаматтармен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да мемлекеттік қолдау шаралары аясында көмек көрсетілуде.

«Егер жүргізілген жұмыстар жайында айтар болсақ, 461 мың адам қолдау шараларымен қамтылды. Ағымдағы жылы Жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асыруға 37,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Біз 323 мың адамды қамтуды жоспарлаудамыз. Алғашқы айлардың қорытындысында жоспардың шамамен 25 пайызы орындалды», - деді Д.Арғындықов.