Қазақстанда 4739 адам донорлық ағза кезегінде тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде донорлық ағзаға мұқтаж 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың 125-і — балалар.

Фото: ДСМ

Бұл туралы Республикалық трансплантология және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры Айдар Ситказинов мәлімдеді.

— Қазіргі уақытта күту тізімінде 4739 реципиент бар. Оның басым бөлігі бүйрек трансплантациясына мұқтаж. Сонымен қатар бауыр, жүрек, өкпе, жүрек пен өкпені қатар трансплантациялауды, сондай-ақ көздің қасаң қабығын ауыстыруды қажет ететін пациенттер бар, — деді Айдар Ситказинов.

Орталықтың мәліметінше, күту тізіміндегі 4739 пациенттің 4208-і бүйрек, 293-і бауыр, 208-і жүрек және 30-ы өкпе трансплантациясын күтіп отыр.

— Балалар арасында да трансплантацияға мұқтаждар аз емес. Қазір күту тізімінде 125 бала тіркелген. Оның ішінде 91 балаға бүйрек, 27-сіне бауыр, 6-уына жүрек және бір балаға өкпе трансплантациясы қажет, — деді орталық басшысы.

Айдар Ситказиновтың айтуынша, Қазақстанда ағза трансплантациясын жасауға қажетті медициналық инфрақұрылым қалыптасқан. Елде 40-тан астам донорлық медициналық ұйым жұмыс істейді. 

— Өңірлік және республикалық үйлестірушілер мен трансплантация орталықтары өзара бірлесіп жұмыс атқарады. Қазіргі таңда медициналық жағынан барлық мүмкіндік бар. Бұл бағытты реттейтін нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Бүгінде негізгі мәселе — донорлық ағзаның жетіспеуі, — деді спикер.

Оның сөзінше, трансплантацияны күтіп жүрген азаматтардың барлығы І топтағы мүгедектігі бар науқастар санатына жатады және оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын Астанада қайтыс болған донордан жүрек трансплантациясы сәтті жасалған еді.