Қазақстанда 50-ден астам ақпараттық жүйемен біріктірілген медициналық деректер қоймасы құрылды

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанда 12 медициналық ақпараттық жүйеден, тізілімдер мен анықтамалықтардан ақпаратты біріктіретін Smart Data Healthcare медициналық деректерінің бірыңғай қоймасы құрылды.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүйе мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйесімен интеграцияланған.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтауды цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медициналық деректердің бірыңғай қоймасы құрылғанын айтты.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

- Оған барлық медициналық деректер көшіріліп, жинақталды. Медициналық көмекті төлеу үшін деректерді цифрлық бақылау форматтық-логикалық тексерулер санын арттыру арқылы күшейтілді: 2024 жылғы 80 тексеруден биыл 486 тексеруге дейін жеткізілді. Осылайша, Бірыңғай қоймаға тек тексерілген деректер түседі. Ол медициналық ақпараттың, оның ішінде талдау жүргізу және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін бірыңғай әрі сенімді көзіне айналады, – деп атап өтті министр.

Форматтық-логикалық бақылау медициналық ақпаратты бірыңғай қоймаға енгізгенге дейін сәйкессіздіктер мен қателерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Егер тексерулердің кемінде біреуі өтпесе, жазба себебі көрсетіле отырып, медициналық ұйымға автоматты түрде қайтарылады.

Цифрлық бақылау экономикалық тиімділік те беріп отыр. Медициналық жүйеден өзектілігін жоғалтқан шамамен 400 мың пациенттің картасы шығарылды. Олармен 1,4 млн рецепт байланысты болған. Бұл 31 млрд теңге көлеміндегі ықтимал шығыстардың алдын алуға мүмкіндік берді.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Сонымен қатар медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға немесе шамамен 7 млрд теңгеге төмендеді. Бұл ретте қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есеге артты.

Smart Data Healthcare медициналық ақпаратты сақтау функциясымен ғана шектелмейді. Жүйе денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастырады, деректердің сапасын бақылауды қамтамасыз етеді және оларды жоспарлау, талдау, медициналық көмекті төлеу және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Бірыңғай қойманы құру кезінде денсаулық сақтауды цифрландыру саласындағы халықаралық тәжірибе, оның ішінде Дания, Эстония, Сингапур және Түркияның тәжірибесі ескерілді.

Осыған дейін медициналық ақпараттық жүйелерді біріктіру 31 млрд теңге шығынның алдын алуға мүмкіндік бергені туралы жаздық.